Павлодар облысында картоптың көлемі жеткілікті
Өңірдің тұрақтандыру қорында шамамен төрт мың тонна картоп бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша картоптың жалпы өнімі 768,6 мың тоннаны құрады. Соның ішінде көкөніс қоймасына 360 мың тонна салынған.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін картоптың жеткілікті көлемі бар. Биыл қаңтар айының басында облысқа Грузиядан картоп партиясы келіп түсті, бөлшек сауда желісіндегі импорттық тауардың бағасы 250 теңгеден жоғары.
Бұл өнімді сату тұрақтандыру қорының әріптес дүкендерінде және «Jailau» фермерлер нарығында жүзеге асырылады. Алдағы күндері тұрақтандыру қорынан картопты «Small» супермаркеттер желісіне жеткізу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерімен жасалған меморандум шеңберінде картопты әлеуметтік дүкендерге жеткізу жүргізілуде.
Көлік шығындарын ескере отырып, тұтынушылар үшін картоп келісі 120-140 теңгені құрайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жұмысы бақылауда.