Павлодар облысында Конституция мерекесі кең көлемде аталып өтіледі

Павлодар облысында Конституция мерекесі кең көлемде аталып өтіледі
Фото: Константин Шелков

Тұрғындарға арналған мәдени, спорттық және ағартушылық жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай жоспарға 700-ден астам іс-шара енгізілген. Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың айтуынша, олар Конституцияның тарихи маңызын түсіндіруге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған.

– Жоспарланған шаралардың қатарында құқықтық сағаттар, ашық есік күндері, патриоттық әндер конкурстары, тақырыптық конференциялар, спорттық жарыстар бар. Сондай-ақ, кітапханаларда көрмелер, мәдени-ағартушылық кештер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады, – деді ол.

Облыс орталығы мен аудандарда мерейтойды кеңінен насихаттау мақсатында 70-тен астам билборд орнатылып, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы LED-экрандарда бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде арнайы медиа-жоспар негізінде құттықтау бейнероликтері, мақалалар мен челлендждер жарияланып жатыр.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, мереке аясында мәдениет мекемелерімен «Ата заң – тәуелсіздік тірегі»  атты мәдени апталық ұйымдастырылуда. 25–30 тамыз аралығында облыс кітапханаларында және мәдениет үйлерінде әдеби кештер, интеллектуалдық-танымдық кездесулер, кітап және сурет көрмелері өтеді.

– Ерекше шаралардың бірі – 27 тамыз күні Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Брайль қарпінде басылып шыққан Қазақстан Республикасының Конституциясы кітабының тұсаукесері. Ал 29 тамызда Торайғыров университетінде профессорлар мен студенттердің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді,– деді ол.

30 тамыз күні Екібастұзда «Ел тірегі – Ата Заң» атты салтанатты жиын мен мерекелік концерт, Ақсуда мәдениет және демалыс саябағында концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ. Облыс әкімі Асайын Байханов мерекелік шаралардың сапалы өтуіне ерекше назар аударды.

– Кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарында әртүрлі салалардың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу және көтермелеу рәсімдері ұйымдастырылуы тиіс. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармалары, сондай-ақ қала мен аудан әкімдері мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізсін. Сонымен қатар, әкімдіктер полиция департаментімен және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, мереке күндері коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі керек, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, басты мерекелік шара 30 тамыз күні сағат 17:00–19:00 аралығында «Ertis Promenade» сахнасында өтеді. Кеште «Бәйтерек», «Ұлытау», «Абырой» топтары және Нұржан Керменбаев өнер көрсетеді және жыл соңына дейін өңір кітапханаларында «Конституция – тәуелсіздік символы» атты тұрақты көрмелер жалғасын табады.