Павлодар облысында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмеген

Павлодар облысында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмеген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен ЖРВИ, тұмау, пневмония маусымдық ауруларының өсуі байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алайда оның короновирусқа еш қатысы жоқ. 2024 жылдың қыркүйек айында өңірде 46655 ЖРВИ жағдайы тіркелген.

Денсаулық сақтау басқармасы, білім беру басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бұйрығымен Павлодар облысы бойынша ЖРВИ және тұмауға қарсы күрес жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жедел іс-шаралар жоспары бекітілді.

Облыстық бюджеттен 88,3 миллион теңгеге Ресейден тұмауға қарсы вакцинаның 90 000 дозасы сатып алынды. Ал 15 қыркүйектен бастап 15 қазанға дейін вакциналау науқаны өтеді. Бүгінгі таңда 20 мың адам екпе алған.

Бірінші кезекте вакцинаны медицина қызметкерлеріне, ауруханаларда жатқан балаларға, жиі ауыратын балаларға, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жүкті әйелдерге, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар мен қарттарға салу қажет.

Коронавирусқа қарсы екпе салу тоқтатылды. Өйткені облыс бойынша коронавирустық ауру көрсеткіштері тіркелмеген.

– Қазіргі таңда балалардың жиі ауыратыны белгілі, алайда оның коронавирусқа еш қатысы жоқ. ЖРВИ мен тұмау – маусымдық ауру. Мектеп маусымы басталғандықтан, балалар басқа оқушылармен жиі байланыста болады. Сол себептен вирус бір адамнан екінші адамға жұғады. Ал коронавирус  дерті жайлы уайымдауға еш себеп жоқ, – деп атап өтті инфекционист дәрігері Аспандияр Қабышев.

«Гриппол плюс» вакцинасы вирусқа қарсы иммунитетті дамытуға көмектеседі. Бірақ егер вакциналау кезінде ЖРВИ және тұмау белгілері болса, дене температурасы 37 градусқа көтерілсе, вакцинаның кез келген компонентіне төзбеушілік немесе өткір қан аурулары болса, бұл препаратты енгізуге болмайды. ЖРВИ және тұмаумен ауырғаннан кейін үш айдан кейін ғана екпе алуға болады.