Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі үшін демалыс күндері қарбаласқа толы болды

Жедел жәрдем станциясына үш күн ішінде екі мыңға жуық шақырту келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық 103 жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 18 шілдеде 641 қоңырау түссе, 19, 20 шілде күндері– 718 және 740 шақырту тіркелген. Қоңыраулар саны күннен-күнге арта түскен.
Демалыс күндері өңірде бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алды. 19 шілдеде Назарбаев пен Торайғыров көшелерінің қиылысында велосипед мінген 38 жастағы ер адамды көлік қағып кеткен. Жәбірленуші №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.
Сол күні әуежай автотұрағында 17 жастағы қыз мотоциклден құлап, мойын омыртқасын зақымдаған. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
– Жедел шақыртулардан бөлек, біз жаппай іс-шараларды да медициналық қамтамасыз етеміз, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко – Жұма күні Павлодар мен Екібастұзда үш футбол ойыны өтті. Сенбіде Құлагер ипподромында ат бәйгесі, ал орталық жағалауда Қала күніне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жағалауда кешкі уақытта жеті тұрғын медициналық көмекке жүгінді.
Сонымен қатар, балалар жарақатына байланысты бірнеше шақырту тіркелген. Қамзин көшесіндегі аулалардың бірінде алты жастағы қыз әткеншектен құлап, жарақат алған. Ал Олжабай батыр көшесінің бойындағы бос ғимарат маңында ұл бала терезеден секіріп, сынған әйнекке түсіп, иығы мен қолын жаралаған. Екі бала да облыстық балалар ауруханасында медициналық көмек алды.