Павлодар облысында көкжөтелмен ауырғандардың саны артуда
Өңірде бүгінгі күні көкжөтелді жұқтырудың 136 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті паразитарлы және инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетованың айтуынша, балалар көкжөтел ауруымен жаз бойы және бүгінгі күнге дейін жұқпалы аурулар ауруханаларына түсуде.
– Біз әр жағдайды қарастырған кезде балалардың бұл санаты уақытылы вакцинацияланбағаны анықталды. Сондықтан тағы да алдын алудың ең тиімді шарасы вакцина болып табылатынын айтқымыз келеді. Вакцина жеті жасқа дейін егіледі, – деді Гүлмира Құлмағамбетова.
Көкжөтелмен ауырғанда түнде ұстамалы жөтел пайда болады, құрысуларға дейін, баланың терісі көк түске боялуына дейін жетуі мүмкін. Оған қоса, жөтел балаларда өте ұзақ уақыт сақталады. Көкжөтел – бұл өте ауыр ауру. Себебі, вирус организмде өз салдарын қалдырады.
Бөлім басшысы, биылғы жылы сырқаттанушылықтың айтарлықтай өсуі байқалатынын атап өтті. Бүгінгі таңда өңірде көкжөтелдің 136 жағдайы тіркелген. Бұл ретте, өткен жылдың осы кезеңінде көкжөтелдің тек бір жағдайы есепке алынған. Мониторинг бойынша науқастардың 90 пайызы – вакцина алмаған балалар.
Бұдан бөлек, аймақта қызылша бойынша аурудың өсу кезеңі өтіп кеткен. Оған жазда тұрақтандыру жұмыстарын жүргізу әсер етіп, қазіргі таңда айтарлықтай төмендеу байқалады.
– Тек тамыз айында өңірде қызылшаның алты жағдайы, ал бір жыл ішінде 1575 жағдайы тіркелді, – деді спикер.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша балаларына екпе салудан бас тартқан 1000-нан астам тұрғын бар. Вакциналаудан бас тартқан балалардың ата-аналарының тізілімі 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді.