Павлодар облысында маңызды инвестициялық жобалар бастау алды
Мәселен, шалғай ауылдарда жолдар жөнделіп, балаларға арналған алаңдар бой көтере бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақтағы ерекше назар аударылатын елді мекеннің бірі – Баянауыл. Биыл тұмса табиғаты көз тартатын Баянауыл ауданында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге аспақ.
Баянауыл аудандық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы аудандағы ауылдарды абаттандыруға басымдық берілген. Мәселен, Үшқұлын және Жүсіпбек Аймауытов ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алынуда. Бұл мақсатта - облыстық бюджеттен Үшқұлын ауылына 47 миллион 972 мың теңге, ал Жүсіпбек Аймауытов ауылында жарықтандыру желілерін салу жобасына 147 миллион 208 мың теңге қарастырылған.
- Бұл жұмыстар ең әуелі ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлылығына арналады. Яғни ауыл көшелерін жарықтандыру арқылы қауіпсіздікті күшейтіп, тұрғындардың кешкі уақытта емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасалмақ. Бұл жұмыстар сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қоғамдық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізеді, - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары.
Ал Жаңатілек ауылында балалар алаңын салу жоспарланған. Осы мақсатқа облыс қазынасынан 30 миллион 400 мың теңге бөлінген. Ал Ақсан ауылында балалар алаңымен қатар, стритбол алаңы салынбақ. Ол үшін 32 миллион 400 мың теңге бөлу көзделген.
Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Атап айтқанда, электр желілерін жаңғырту, жаңа әуе желілерін тарту және қосалқы станциялар орнату жоспарланған.