Павлодар облысында мал шаруашылығы саласында өсім тіркелді

Павлодар облысында мал шаруашылығы саласында өсім тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ең жоғары өсім құс шаруашылығында байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, 85,7 миллиард теңгеге жетті. Саланың негізгі бағыттары – атап айтқанда, сүт өндіру  айтарлықтай өсім көрсетіп, 125 мың тоннаны құрады.

Статистикалық деректерге сәйкес, мал мен құс басының көбеюі байқалады. Қазіргі уақытта облыста 509 мың бас ірі қара мал, 634 мың қой және 310 мың жылқы бар. Әсіресе, құс шаруашылығында айтарлықтай өсім тіркеліп отыр – құс саны 42 пайызға артып, 1,6 миллион басқа жетті.

Өңірде 21 мың сауынды сиыры бар 17 ірі тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Бір сиырға шаққандағы орташа сауым алты мың литрден асады.

– 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін масштабтау аясында екі сүт фермасын кеңейтуге 2,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат Еуропадан жоғары өнімді голштин тұқымды қашарларды сатып алуға бағытталды. Бұл жылына қосымша 16 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін Успен ауданында 500 басқа арналған жаңа сүт фермасының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов.

Мемлекет салаға қаржылық қолдау көрсетуді жалғастыруда. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 96 миллиард теңге бөлініп, оның бір бөлігі субсидиялауға, ал қалғаны жеңілдетілген несие беруге бағытталды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңірге екі миллиард теңге қарастырылған. Бұл бағдарлама арқылы 193 несие беріліп, ауылдық жерлерде 350-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.