Билік ерекше қажеттіліктері бар павлодарлық спортшыларды қолдайды
Өткен жылы облыс спортшылары өте жақсы өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтетін «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестиваліне дайындық жалғасуда. Бұл туралы Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы облыстың барлық өңірлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен мектепішілік және аудандық іріктеу кезеңдері басталып кетті. Қазіргі таңда Павлодар облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 334 бала тіркелген.
Фестиваль бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен мектепішілік және аумақтық іріктеу жарыстары өткізіледі. Кейін үздік командалар аудандық және облыстық кезеңдерге жолдама алады. Облыстық кезең жеңімпаздары Астанада өтетін республикалық финалда Павлодар облысының намысын қорғайды.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалінің облыстық кезеңі 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Алма Айтуарованың айтуынша, фестивальді өткізуге қажетті қаржы толық бөлінген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының командалары республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Жарысқа 54 қатысушы қатысып, бес команда бірінші орын, төрт команда екінші орын және екі команда үшінші орын иеленді.
Облыстық партия филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Света Әбдіраманова білім беру басқармасы мен білім беру ұйымдарының фестивальді ұйымдастыруға ерекше жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, республикалық кезеңнің мерзімі партияның орталық аппаратымен талқыланған. Өңірлер фестивальді қазан–қараша айларында өткізудің қиын екенін айтып, жаз мезгіліне ауыстыруды ұсынған. Қазіргі уақытта республикалық кезеңді маусым немесе шілде айларында өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және Спортты дамыту дирекциясымен бірлесіп ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және эстафеталық жарыстар бойынша сынға түседі.