Павлодар облысында мас күйінде рөлге отырған жүргізушілер жауапқа тартылуда

Павлодар облысында мас күйінде рөлге отырған жүргізушілер жауапқа тартылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлік басқару құқығынан бұрын айырылғанына қарамастан, мас күйінде қайта көлік тізгіндеген төрт жүргізуші анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мәселен, Павлодар қаласында түнгі сағат 04:51-де полицейлер «Nissan Primera» автокөлігін тоқтатқан. 

Тексеру барысында жүргізушінің есірткілік масаң күйде екені және 2022 жылы жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Осындай құқық бұзушылық үшін «Renault Sandero» көлігінің де мас жүргізушісі ұсталды. Ол 2026 жылдың наурыз айында көлік басқару құқығынан айырылған екен. Ал Ақсу қаласы мен Шарбақты ауданының бір ауылында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған екі мотоциклист алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндегені үшін қолға түсті, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған фактілер бойынша тексеру жүргізілуде. Барлық көліктер айып тұрағына қойылды.

Бұл құқық бұзушылықтар жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Іс-шара басталғалы бері полицейлер шамамен 1500 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін тіркеген, – деді әкімшілік полиция басқармасы бастығы Бақыбай Ахмедьянов.

Полиция жасаған рейтингте бірінші орында – көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлескен жүргізушілер. Олардың саны 56-ға жеткен. Екінші орында – техникалық ақауы бар көлікті басқарған 14 жүргізуші. Үшінші орында – мас күйінде рөлге отырған алты жүргізуші.

Полиция қызметкерлері жүргізушілердің «аз ғана іштім» немесе «жақын жерге ғана бардым» деген сылтауларының негізсіз екенін ескертеді. «Мас жүргізуші – қылмыскер» деген қағиданы ұстану және жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың міндеті.