Павлодар облысында «Майкубен-Вест» көмір өндіруді екі есе арттырады
Компания 2025 жылы экспорт есебінен осындай көрсеткішке жетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов аталмыш кәсіпорында Баянауыл ауданына жұмыс сапары аясында болды. Аймақ басшысы көмір өндіруші компанияның қызметімен танысып, даму перспективалары жайлы сұрастырды.
Ол туралы «Майкубен-Вест» АҚ басшысы Нұрлан Ахметбаев айтып берді. Көмір кен орны 1987 жылдан бері игеріліп келеді, көмір қоры 1,2 миллиард тоннаны құрайды.
– Жылына төрт миллион тоннадан астам көмірдің жобалық қуаты игерілді. Жыл сайын компания көмір өнімдерін осы көлемде өндіреді және сатады. Экспорт біздің сегменттің шамамен 60 пайызын алады, 30 пайызы нарықтың коммуналдық-тұрмыстық сегменті, ал аз пайызы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жөнелтіледі. Егер 2020 жылы 270 мың жөнелтілсе, 2023 жылы 375 мың тонна жөнелтілді. Биыл 465 мың тоннаны құрады. Бұл – үздік көрсеткіш, – дейді Нұрлан Ахметбаев.
2025 жылы компания 4,5 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр. Оның 501,8 мың тоннасын Павлодар облысында жүзеге асыру көзделуде. Импорттаушылар арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тіпті, Еуропа елдері бар. Бөлімде 935 қызметкер жұмыс істейді, олардың жартысынан астамы – екібастұздықтар, қалған бөлігі – Баянауыл ауданының тұрғындары. Орташа жалақы – 342 мың теңге.
Мәселелердің қатарында сол импорттаушылардың сұранысының төмендеуі бар. Бұл Ресейдің оңтүстік аймақтарында белсенді газдандыруға байланысты. Газбен қамтамасыз ету елімізде де жүріп жатыр.
– Бұл – нарық шарттары. Егер көмірді аз сатып ала бастаса, онда олар оны басқа жерден сатып алады. Сонымен қатар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында газдандыру жүріп жатыр. Яғни, көмірге қысым болады. Осы жағдайдан шығудың қандай нұсқаларын ұсынасыз? – деп сұрады Асайын Байханов.
Разрез басшысының айтуынша, келесі жылы өнімділігі сағатына 700 тонна ұсақтау-сұрыптау-тиеу кешенін сатып алу және іске қосу жоспарлануда. Бұл көмірді жақсы електен өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025 жылы жаңа экскаватор мен жеті жаңа автосамосвал пайда болады.