Павлодар облысында мектеп қоңырауын қазақ күйлері алмастырды
Луган мектебіндегі цифрлық жүйе демеушілердің қолдауымен орнатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының Луган жалпы орта білім беретін мектебінде енді әдеттегі қоңыраудың орнына қазақтың ұлттық күйлері мен классикалық әуендер шырқалады. Бұл жаңашылдық білім беру мекемесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қолға алынған жаңартулардың бірі десе де болады. Оның жалпы құны шамамен 800 мың теңгені құрайды.
Мектеп ғимараттары жөндеуден өтіп, қазір жиһаздары жаңартылуда. Сондай-ақ инклюзия және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған заманауи кабинетті ашу жоспарланған. Мектеп басшылығы оқушыларға қолайлы жағдай жасауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және сапалы тамақтандыруды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Жаңашылдықтардың бірі – цифрлық қоңырау жүйесі. Оны орнату бастамасын мектеп директоры Қайрат Садықов көтерген. Ол білім беру мекемесіне мемлекеттік сатып алу аясында жабдық жеткізген компанияға ынтымақтастық туралы ұсыныс жасаған.
Кәсіпкерлер бастаманы қолдап, мектепке заманауи жүйені тегін ұсынып, оны орнатуға да көмектескен. Енді сабақтың басталуы мен аяқталуын әуезді күйлер мен классикалық шығармалар сүйемелдейді. Бұл жаңашылдық оқушыларды қатты дыбысты қоңыраудан арылтып қана қоймай, ұлттық музыкалық мұрамен таныстыруға да мүмкіндік береді.
– Мемлекет мектебімізді күрделі жөндеуден өткізіп, білім алуға барлық жағдай жасау үшін ауқымды жұмыс атқарды. Ендігі міндетіміз – осы мүмкіндіктерді толықтырып, мектепке жылылық пен ұлттық нақыш қосу, сондай-ақ меценаттармен ынтымақтастық орнату. Балалардың күн сайын домбыраның қоңыр үнін естуі – патриоттық тәрбиені өмірмен ұштастырып, табиғи түрде қалыптастырудың бір жолы, – дейді мектеп директоры.
Қайрат Садықовтың айтуынша, мұндай бастамалар білім беру ортасын жақсартумен қатар, ауыл мектептерінің өзекті мәселелерін шешуге кәсіпкерлерді тартуға мүмкіндік береді. Музыкалық қоңырау жүйесінің орнатылуы – мектеп пен кәсіпкерлер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың бір үлгісі.