Маңғыстау жастары сапалы білім іздеп Павлодарға келді

Маңғыстау жастары сапалы білім іздеп Павлодарға келді
Фото: «Жарқын Болашақ» бағдарламасы

Маңғыстау облысының жастарына арналған «Жарқын Болашақ» бағдарламасы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ол оқушыларға еліміздің үздік колледждері мен мектептерінде білім алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысатын жиырма шақты маңғыстаулық жас еліміздің білім астанасы болып есептелетін Павлодардың жетекші колледждерде білім алып жатыр. 

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы аясында оқып жатқан маңғыстаулық өрен Жәнібек Мақсатов Ertis жоғары инновациялық аграрлық колледжінде білім алып жатыр. Жаңаөзен қаласының тумасы бала кезінен ветеринар болуды армандаған. Сол үшін ол Павлодарды таңдады.

— Мен туып-өскен қалада ветеринар мамандар жетіспейді, тіпті осы бағытта білім алатын арнайы оқу орындары да жоқтың қасы. Сондықтан таңдауым Павлодардағы Ertis колледжіне түсті. Осы салаға маманданған колледжде білім алу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жерде біз тек теорияны меңгеріп қоймай, нақты тәжірибе жинақтап жатырмыз. Зертханаларда жануарларға алғашқы көмек көрсетіп, тіпті операция жасауды үйренудеміз, — дейді Жәнібек.

Жаңаөзендік жас Райян Сары да ветеринария саласын таңдаған. Бозбала ауыл шаруашылығының келешегі зор екеніне сенімді. Оның айтуынша, Маңғыстау облысындағы өндірістер мұнаймен байланысты болса да, бұл өңірде де мал шаруашылығымен айналысатындар аз емес. Дегенмен кәсіби ветеринарлардың тапшы болуы – жергілікті шаруалар үшін өзекті мәселе. 

– Мал шаруашылығы еліміздегі маңызды салалардың бірі. Сондықтан Павлодарда жақсы білім алып, Маңғыстауда осы саланы дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Ветеринария – тек мал емдеу емес, азық-түлік қауіпсіздігімен байланысты мамандық, – дейді Райян.

Бұдан бөлек Павлодардағы оқу орындары IT, менеджмент, маркетинг сияқты мамандықтар бойынша сапалы білім ұсынады. Осыны ескерген жаңаөзендік Динара Омар да Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжіне түсуді шешкен. Бойжеткен менеджмент, бағдарламалау және графикалық жобалау саласына қызығады. Динараның айтуынша, Маңғыстаудан Павлодарға көшу қиын көрінгенімен, қалаға бейімделу оңай болған. 

– Бұл қалада бұрын болмағандықтан, жаңа жерді көріп, жаңа тәжірибе жинағым келді. Қала ұнап жатыр, табиғаты әдемі, адамдары да өте жайдары, мейірімді. Оған қоса, егізім Данияр да осы колледжге IT мамандығы бойынша оқуға түсті, сондықтан жалғызсырамаймын, – дейді ол.

Динара колледжде түрлі жобаларға қатысып, өзін жан-жақты дамытып жүр. Жуырда бірге оқитын достарымен колледж ішіндегі байқауда ерекше көйлек жасап, жүлделі орын да алған. 

Бағдарлама ұйымдастырушыларының айтуынша, Павлодарда білім алып жатқан маңғыстаулық жастар үшін бұл қала өз қабілеттерін шыңдап, жаңа қырын тануға мүмкіндік берген ортаға айналды. Олардың әрқайсысы туған өлкелеріне қажетті мамандықтарды меңгеріп, ел дамуына үлес қосуды көздейді.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы — 12-22 жас аралығындағы маңғыстаулық жастарға тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру бағдарламасы. Жоба «ҚазМұнайГаз» және «Samruk Kazyna Trust» компанияларының қолдауымен Bilim Foundation корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. Бағдарлама аясында бүгінде мыңнан астам маңғыстаулық жас Қазақстанның үздік мектептері мен колледждерінде тегін білім алуда. Соның қатарында Павлодардағы оқу орындары «Жарқын Болашақ» бағдарламасы қатысушылары үшін шын мәнінде жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.