«Жомарт жан» Павлодар орталығы өз жұмысын «Мектепке жол» акциясынан бастады
Мұндай қоғамдық бірлестіктер бүкіл елде құрылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталықтың негізгі мақсаттары қоғамдық келісімді нығайту, әлеуметтік маңызы бар және қайырымдылық бастамаларды дамыту, сондай-ақ балалар мен жастардың таланттарын анықтау, қажет болған жағдайда көмек көрсету болып табылады. Павлодар облысында аталмыш орталықтың негізін қалаушы – Аурика Дяк.
– Біз өз жұмысымызды қайырымдылық жасаудан бастадық. Балалар үшін мектеп, спорттық киім, аяқ киім, рюкзактар мен кеңсе керек-жарақтарын дайындадық, – дейді Аурика Дяк. – 1 қыркүйекке дейін тағы бірнеше отбасыға мектепке жиналуға көмектесеміз.
Аталмыш көмекке мұқтаждардың тізімін облыс орталығының әлеуметтік қорғау бөлімі ұсынды.
Сонымен қатар, «Жомарт жан» орталығының жұмысында барлық облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
– Біз мүмкіндігі шектеулі оқушылар тәрбиеленіп жатқан екі отбасын қамқорлыққа алдық, – деді тәжік этномәдени бірлестігінің өкілі Хусейн Гүлов. – Балалардың алаңсыз үшін қажет нәрсенің бәрін алдық.
Фин-угор этномәдени орталығының өкілі Ольга Николашинаның айтуынша, ҚХА өткізетін акциялар «Біз біргеміз» мағынасын арқалайды.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы елімізде жылына бір рет 1 тамыздан бастап, 30 қыркүйекке дейін ұйымдастырылады.