Жаяу жүргіншілердің жүгенсіздігі: Павлодарда ережеге бағынбайтындардың саны артқан
Жыл басынан бері 2000-нан астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, Павлодар облысының полицейлері жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мақсатты профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Өткен 3 айда 2097 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жол қозғалысы ережелерін елемеген павлодарлықтарға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады.
– Бұзушылықтардың басым бөлігі – жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің көбі жолдан өтпес бұрын жақындап келе жатқан көліктің жоқтығына көз жеткізбейді. Кейбірі құлаққап тағып, телефонға алаңдап, жолды кесіп өтеді, бұл олардың көліктің ескерту сигналын есту мүмкіндігін шектейді, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға жолдың жүріс бөлігінен өткен кезде барынша мұқият болуға шақырады.