Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық жанжалдан төрт адам қаза тапты
Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – алкогольді шамадан тыс пайдалану, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының аға инспекторы Индира Жүсіпованың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай қылмыстардың саны азайғанымен, қайғылы оқиғалар әлі де тіркеліп отыр.
– Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында төрт адам өлтіру фактісі тіркелді. Қылмыстардың бірі бұрын профилактикалық есепте тұрмаған және ешқашан полицияға жүгінбеген отбасында орын алды. Алкогольдік масаң күйдегі ұлы тұрмыстық жанжал кезінде өз анасын өлтірген. Тағы бір жағдайда бірге ішімдік ішкен екі ағайындының арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды, – деді Индира Жүсіпова.
Полицияның мәліметінше, мұндай ауыр қылмыстардың негізгі себептері – алкогольді шамадан тыс пайдалану және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға кеш жүгіну.
– Көп жағдайда қайғылы оқиғалардан кейін жәбірленушілер бұрын полицияға хабарласпағанын айтады. Бірі отбасының сақталғанын қалаған, енді бірі баратын жерім жоқ деп ойлаған. Өкінішке қарай, осындай кідірістер ауыр зардаптарға әкеледі, – деді аға инспектор.
Бүгінде полицияның жұмысы анықтау қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Яғни, құқық қорғау органдары енді жәбірленушінің өзі арыздануын күтпейді. Үйдегі зорлық-зомбылық немесе тұрақты жанжал туралы көршілерден, туыстардан немесе өзге азаматтардан түскен кез келген хабарлама тексеріледі.
– Көп жағдайда көршілердің уақытылы жасаған бір ғана қоңырауы қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан бейжай қалмай, полицияға хабарласуға шақырамыз. Әрбір хабарлама бойынша учаскелік инспекторлармен бірге оқиға орнына барып, тексеру жүргізіледі. Бұл ретте хабарлаған адамның жеке деректері толықтай құпия сақталады, – деп атап өтті Индира Жүсіпова.
Жыл басынан бері өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін үш мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 2 880 адамға қорғау нұсқамасы шығарылып, полицияның өтініші негізінде 800-ден астам құқық бұзушыға сот арқылы ерекше мінез-құлық талаптары белгіленген. Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі бір ай болғандықтан, қазіргі уақытта Павлодар облысында 712 адам профилактикалық есепте тұр. Олардың барлығы полицияның бақылауындағы отбасылық жанжал шығарушылар санатына енгізілген.