Павлодарда ойын алаңында жүрген баланы ток соқты
Қазіргі таңда оқушының жағдайы тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қамзин көшесі, 80мекенжайы бойынша орналасқан ойын алаңында баланы ток соққан. Темір бағанаға тиіп, сол қолын күйдірген бірінші сынып оқушысы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, науқас амбулаторлық емдеуге жіберілген.
– Көбінесе ата-аналар мұндай жағдайда ауруханаға жатқызудан бас тартады. Егер жағдай ауыр болса, науқас кардио-неврологиялық бөлімшеге, ал күйік болса, комбустиологтың бақылауымен жарақат бөліміне жатқызылады, – деді аурухананың жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Фируза Милушева.
Биыл облыстық балалар ауруханасына электр тоғынан зардап шеккен он бала түскен. Былтыр мұндай науқастардың саны 14 болған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, Қамзин көшесі, 80 мекенжайындағы балалар алаңының үстінен өтетін ескі электр желісі трансформаторлық қосалқы станциядан дүкенге және «Пегас» жанармай құю станциясына дейін жетеді.
Қала әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, тұрғын үй инспекциясы және «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» мекемесінің қызметкерлері оқиға орнына тексеріспен барып, ақауларды жойды.
Бүгінде бұл электр беру желісіне кім жауапты екені анықталып жатыр.