Павлодар облысында Республика күні кеңінен атап өтілді
Мерекелік іс-шаралар ҚР мемлекеттік рәміздері алаңында мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған онкүндік іс-шаралар аясында өңірде мәдениет, денсаулық сақтау нысандары ашылды және тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Бүгін Павлодар ауылында облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті. Ғимаратта: 300 орындық көрермендер залы, хореография залы, үйірме кабинеттері, көркемөнер, проекциялық және радио торабы орналасқан. Көптеген жылдар бойы күткен ауыл тұрғындары енді бос уақыттарын жаңа мәдениет ошағында өткізетін болады.
Сондай-ақ, күрделі жөндеуден кейін бүгін Баянауыл ауданының Қаражар және Лекер, Успен ауданының Новопокровка ауылдарында да мәдениет үйлері ашылды. Тереңкөл ауданының Жасқайрат ауылында қандастарға, жетім балаларға, көп балалы және толық емес отбасыларға жаңа 10 үйдің кілті табысталды.
Ертіс өңірінің әртүрлі аудандарында барлығы 400-ден астам мерекелік іс-шара өтті. Облыс орталығындағы Конституция алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген мен Гүлнұр Оразымбетованың, сондай-ақ, И. Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің қатысуымен ауқымды концерт өтті.