Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдар жүйелі түрде жаңартылуда

Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдар жүйелі түрде жаңартылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл өңірде республикалық жолдардың алты учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының басшысы Ермұрат Нұрханов баяндады.

– Облыста республикалық жолдардың алты учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде үш нысан толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Омбы – Майқапшағай» бағыты бойынша Мичурин кентінің маңындағы 7 шақырымдық жол «Қызылорда – Павлодар – Успен» бағытының Атамекен кентінен өтетін бөлігі, сондай-ақ «Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов» тас жолының Ақсу қаласы арқылы өтетін учаскесі жаңартылды, – деді Ермұрат Нұрханов.

Сонымен қатар, биыл аса маңызды жобалардың бірі – ұзындығы 61 шақырымды құрайтын «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» бағытындағы жолда күрделі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда оның 40 шақырымына бірінші қабат асфальтбетон төселіп, 30 шақырымына екінші қабат салынды. Жыл соңына дейін толық 60 шақырымды аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі Асайын Байханов бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, құрылыс сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

– Аталған жолдың жалпы ұзындығы – 272 шақырым. Оның 60 шақырымы биыл аяқталады. Сонымен қатар Амангелді және Ленино ауылдарының маңындағы қосымша 24 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл учаскелер 2026 жылға дейін толық аяқталады деп күтілуде, – деді аймақ басшысы. 

Осылайша, Павлодар облысында республикалық жолдарды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың сапалы жолмен қатынауына жағдай жасалуда.

Еске сала кетейік, өңірде 116 жолды жөндеу жобасы іске асуда. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ауылдарға кіреберіс жолдардың жағдайына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, алдағы екі жылда перспективалы елді мекендердің барлығында қатты жабындысы бар жол болуы тиіс.