Павлодар облысында сүйіртұмсық көлбақасының жаңа мекені анықталды
Қосмекенді қарағайлы орманның арасынан кездейсоқ табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында сүйіртұмсық көлбақасы алғаш рет ресми түрде тіркелді. Бақа биыл 24 тамызда орманды алқаптан анықталған. Оның табылған жері ең жақын көлден шамамен 5-6 шақырым жерде орналасқан.
– Шалдай жасанды көлінде бақа кездескені жөнінде бұрын ақпарат тараған. Алайда оның нақты қай түрге жататыны белгісіз еді. Соңғы 10-15 жыл ішінде қорық аумағында мұндай қосмекенді байқалмаған. Резерват құрылғаннан бері сүйіртұмсық көлбақасы ресми құжаттарда да көрсетілмеген. Сондықтан биылғы кездесу – осы түрдің аумақта алғаш рет нақты расталған дерегі, – деді резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қанат Егембердиев.
Маманның айтуынша, аталған бақаның негізгі ерекшелігі – тұмсығының сүйір болуында. Дене тұрқы ықшам, артқы аяқтары ұзын келеді. Арқа түсі көбіне қоңыр немесе сұрғылт-қоңыр реңкті болады. Кейбірінде арқасын бойлай ашық жолақ кездеседі. Ал еркек бақалар көбею маусымында көгілдір түске ие болуы мүмкін.
Сүйіртұмсық көлбақасы көбіне тұщы су көздері, көлдер, батпақты және ылғалды аумақтардың маңын мекендейді. Көбею процесі сумен тығыз байланысты болғанымен, құрлықта бірнеше шақырым қашықтыққа дейін қозғала алады. Суық түскен кезде орман ішіне еніп, өсімдік жамылғысы, топырақ немесе басқа да табиғи паналардың астында қыстайды.
– Резерваттағы орманды және ылғалды учаскелер бұл жануардың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптастыруы мүмкін. Сонымен бірге, оның жергілікті ортаға белгілі бір деңгейде бейімделуі де ықтимал, – деді Қанат Егембердиев.
Қазір табиғи аумақтағы сүйіртұмсық көлбақасының нақты саны әзірге белгісіз. Мамандар зерттеу кезінде бір ғана қосмекендіні кездестірген. Мамандар бақаны ұзақ бақылауда ұстамай, табиғи мекеніне қайта жіберген.
Резерваттағы су айдындарының басым бөлігі тұзды немесе жартылай тұзды. Осыған байланысты тұщы суға тәуелді қосмекенділер үшін қолайлы жерлер шектеулі. Соған қарамастан бұл жануардың табылуы оның өмір сүруіне қажетті табиғи жағдайлардың аумақта бар екенін аңғартады.
– Осы уақытқа дейін мониторинг жұмыстары негізінен көлдер мен өзге су нысандарының маңында жүргізілді. Егер кейінгі зерттеулер барысында қосмекенділердің түрлік құрамы көбейетіні анықталса, түнгі бақылау, акустикалық мониторинг және басқа да заманауи әдістерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылады, – деді ғылыми қызметкер.
Маманның пікірінше, су көздерінің тартылуы, ластануы және табиғи мекендердің өзгеруі қосмекенділерге елеулі қауіп төндіреді. Дегенмен ерекше қорғалатын аумақта шаруашылық қызметке шектеу қойылғандықтан, қазіргі уақытта сүйіртұмсық көлбақасына адам әрекетінен туындайтын тікелей қауіп байқалмайды.
Алдағы кезеңде мамандар жақын орналасқан көлдер мен ылғалды учаскелерге мониторинг жүргізіп, жануардың таралу аумағы мен санын анықтауды жоспарлап отыр. Биыл кездескен жануардың дәл осы түрі келесі жылы қайта көру мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды.
– Резерват аумағында осыған дейін белгісіз болған жаңа түрлер анықталып, есепке алынып жатыр. Бұл бағыттағы зерттеулер жалғаса береді. Жыл соңында атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланып, қорытынды жасалады. Қазір көбіне құстардың түрлік құрамын зерттеуге басымдық беріліп отыр, – деді Қанат Егембердиев.
Сонымен қатар, маман жаңадан анықталған жануарлардың барлығын резерватқа биыл ғана келген деп айту дұрыс емес екенін атап өтті. Кейбірі аумақта бұрыннан тіршілік еткенімен, мамандардың аздығы немесе бақылау жұмыстарының жеткіліксіздігі салдарынан назардан тыс қалуы мүмкін.
Оған қоса биыл ауа температурасының жоғары болуы мен климаттық өзгерістер кейбір жануарлардың таралуына ықпал етуі ықтимал.