Павлодар облысында шалғай ауылдардың өрт қауіпсіздігі күшейтіледі

Павлодар облысында шалғай ауылдардың өрт қауіпсіздігі күшейтіледі
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Тілсіз жаудан жыл соңына дейін 30-ға жуық елді мекен қорғалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Павлодар облысындағы шалғай елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, бүгінде өңірде тоғыз өрт сөндіру пункті іске қосылған. 

Жыл соңына дейін 32 елді мекенді өрттен қорғау жоспарланып отыр. Оның аясында 18 жаңа өрт сөндіру пункті салынып, 16 қолданыстағы нысанға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жоба жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен іске асырылады. Өртпен күресудің ең тиімді жолы – сол елді мекеннің өзінде алғашқы әрекет ететін күштің болуы. Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ олардың мүлкін қорғау және шалғай аумақтардағы өрттердің алдын алу, – деді ол.

Бағдарлама аясында ауылдарда модульдік өрт сөндіру деполары салынып, өрт сөндіру техникасымен, радиостанциялармен, арнайы киіммен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Әрбір пунктте кемінде төрт қызметкер ауысыммен кезекшілік атқарады.

Өрт сөндіру пункттері мемлекеттік өртке қарсы қызмет жеткенге дейін алғашқы әрекеттерді орындап, жалынды оқшаулауға мүмкіндік береді. Кей жағдайда ауылдық бөлімшелер өртті өз күшімен толықтай сөндіріп, қосымша күш шақырудың қажеті болмайды.

Көптеген шалғай елді мекендер аудан орталығынан 50, 100, тіпті 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет жеткенше өрт секунд сайын ұлғая береді. Сондықтан, алғашқы минуттардағы әрекет шешуші рөл атқарады, – деді Қайрат Шаймарденов .

Өрт сөндіру пункттерінің құрамына автоцистерна, өрт-техникалық құралдар, арнайы жауынгерлік киімдер, байланыс құралдары мен радиостанциялар кіреді. Сонымен қатар, демалыс бөлмесі, асхана, санитарлық торап, диспетчерлік және жылы гараж қарастырылған.

Төтенше жағдайлар департаменті ауылдық бөлімшелерді жарамды өрт сөндіру автоцистерналарымен қамтамасыз етеді. Бұған дейін пайдаланылған техникалар жөндеуден өткізіліп, толық жұмысқа дайын күйде беріледі. Ал жергілікті атқарушы органдар арнайы киімдер мен қажетті жабдықтарды сатып алады. Барлық пункттер тәулік сайын облыстық кезекші диспетчерлік қызметпен тұрақты радиобайланыста болады.

Қазіргі уақытта жаңа өрт сөндіру пункттері Шарбақты ауданындағы Хмельницкое, Орловка, Жоламан ауылдарында, Ақтоғай ауданы, Галицкое және Ағашорын ауылдарында, Луганск ауылындағы жаңғыртылған нысанда, Ертіс ауданында, Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылында және Екібастұз өңіріндегі Қарасор ауылында ашылды. Ал Шиқылдақ, Бесқауға және Тереңкөл елді мекендерінде жаңа пункттерді іске қосу жоспарланған.

Қазіргі таңда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Республика бойынша шамамен 215 өрт сөндіру пункті ашылған. Жыл соңына дейін олардың санын 500-ден асыру көзделген. Бағдарлама кеңес кезеңіндегі ауылдық кәсіби өртке қарсы қызмет жүйесін қайта жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба ретінде жалғасуда.