Павлодар облысында шенеуніктер қоластындағы қызметшілері үшін кешірім сұрады

Екі мемлекеттік қызметші жұмыс күні ҚР шекарасын кесіп, басшыларына қиындық тудырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әдеп жөніндегі кеңесте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген мониторингі кезінде шенеуніктер тарапынан анықталған бұзушылықтар қаралды.
Былтыр 12 желтоқсанда Железин ауданы Ақтау ауылдық округі аппаратының бас маманы, ал 24 қарашада Екібастұз қаласының тұрғын үй инспециясы бөлім басшысының орынбасары Ресей Федерация бағытында шекараны кесіп өткен. Бірінші мемлекеттік қызметші басшысынан денсаулығына байланысты аудан орталығына барамын деп сұранса, ал екіншісі отбасылық жағдайға байланысты шығу керек екендігін ескерткен.
Бұл ретте жұмыс уақытын есепке алу табелінде қызметшілер мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде жұмыс орнында болған деп көрсетілген. Дегенмен, аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, оларға жұмыста болмаған күндері үшін еңбекқы толық көлемде төленген.
Кейін екі мемлекеттік қызметшінің шекарадан өткені туралы дерек Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінен келіп түскен. ҚР мемлекеттік қызметі туралы Заңының 50-бабы 1-тармағының 4-тармақшасы талаптарының бұзылуына жол бергені үшін Екібастұз қаласының тұрғын үй инспециясы бөлімінің басшысы мен Железин ауданы Ақтау ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалды. Екі қызметшіге төленген қаражат мемлекеттік бюджет есебіне қайтарылды.
Әдеп жөніндегі кеңесте шенеуніктер қоластындағы қызметкерлері үшін кешірім сұрап, әлсіз бақылау бөлігінде кінәларын мойындады. Кеңес мүшелері Екібастұз қаласының әкіміне және Железин ауданының әкіміне шенеуніктерге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру керектігін ұсынды.