Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы ауқымды өңдеу жұмыстары жалғасуда
Жұмыс барысы ғылыми топтың ұсынымдары мен ауа райының қолайлылығы ескеріле отырып, арнайы кесте бойынша ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы маусымдағы шаралар 6 сәуірде уақытша су айдындарын локальды өңдеуден басталды. Ал 30 сәуірден бастап маса дернәсілдеріне қарсы авиациялық өңдеу қолға алынды.
– Қазіргі таңда мердігер ұйым шағын авиация көмегімен 357 рет әуеге көтеріліп, өңдеу жұмыстарын орындады. Сонымен қатар 11-12 мамыр күндері өзен арналарын өңдеудің бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Биопрепараттар бекітілген 10 нүкте бойынша, сондай-ақ жәндіктер ең көп тарайтын арналарда суға жіберілді, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Қала аумағында оқпанды жәндіктерге қарсы барьерлік өңдеу күнделікті атқарылуда.
– Павлодардағы теміржол көпірінен бастап жағалау бойы, шаңғы базасы ауданы мен Усолка бөгеті арнайы құралдармен, атап айтқанда бүріккіштер, термогенераторлар және «ГАРД» қондырғысы арқылы өңделуде. Жұмыстың сапасы мен тиімділігін тапсырыс беруші мен ғалымдар тобы бірлесіп бақылайды, – делінген хабарламада.
Нысандарды аралау барысында «AMANAT» партиясының депутаттары және өңірлік экологиялық кеңес мүшелері Раушан Даумова, Русана Сулаймонова мен Александр Толмачев жұмыс барысымен танысты. Олар мамандармен бірге ағымдағы жағдайды талқылап, өңірдегі қансорғыш жәндіктер санын азайту бойынша алдағы кезеңде атқарылатын шараларды пысықтады.