Павлодар облысының төрт ауданында тұрмыстық қалдықтар полигондары салынады
Қазіргі уақытта құжаттар сараптамадан өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Болашақта облыстың барлық аудан орталықтарында бар қоқыс үйінділерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Коммуналдық қалдықтарды басқару саласында басқарма төрт елді мекенде: Тереңкөл, Ертіс, Баянауыл және Майқайың қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеумен айналысады, – деді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының м.а. Дияр Қайыркенов.
Павлодар қаласының аумағында қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорындар жұмыс істейді. Мысалы, «Попов» ЖК пластикалық қалдықтарды қайта өңдейді және қоқыс қаптары мен жол щеткаларын шығарады, ал «KazEcoProm» ЖШС құрылыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысады және бетон блоктары мен қиыршық тастар шығарады.
Спикердің айтуынша, табиғатты қорғау іс-шаралары жоспары аясында қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орнату жұмыстары да жалғасуда.
Бүгінгі таңда облыста 2,5 мыңнан астам еуроконтейнер орнатылған, оның ішінде 891 пластикалық қалдықтарға арналған контейнер және құрамында сынап бар шамдарға арналған 200 контейнер бар.