Павлодарлық шағын аудандарда интерактивті апаттар картасы әзірленеді
Ол қарашаға дейін іске қосылуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында азаматтардың өтініштерімен жұмыс және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды. Павлодар облысы цифрлық технологиялар басқармасы басшысы Ағыбай Әмірин «109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы қаншалықты жандандырылғанын баяндады.
– Тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы және сапалы қарауда басшылардың ашықтығы мен тиімділігін және жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Басшылар рейтингі» модулі пилоттық түрде енгізілуде. Бұл модуль арқылы азаматтардан түскен кез келген өтініштің, арыздың немесе ұсыныстардың уақытылы және сапалы орындалуы бойынша бақылау артады, – деді Ағыбай Әмірин.
Яғни, қала немесе аудан әкімдері, басқарма мен бөлім басшылары осы жоба арқылы өз рейтингтерін қадағалай отыра, өтініштердің дер кезінде қаралуын қамтамасыз етеді.
– Сондай-ақ, орналасқан мекенжайы бойынша мәселелердің өзектігі көрсететін, «дағдарыстық нүктелердің» арнайы интерактивті картасы әзірленуде. Коммуналдық инфрақұрылым жүйесінде, яғни су, жылу беру, электр жарығы желілерінде қандай да бір авариялар мен ақаулар орын алған жағдайда, интерактивтік карта арқылы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің аймағы мен саны автоматтық түрде анықталады және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Кез келген тұрғын хабарласқан жағдайда «109» қызметінің операторлары барлық ақпаратты ұсына отыра, оның болжамды жойылу мерзімін айта алады, – деп атап өтті баяндамашы.
Облыс әкімі Асайын Байханов 1 қарашаға дейін қаладағы шағын аудандар бойынша интерактивті апаттық картасын іске қосуды тапсырды. Аймақ басшысы «109» орталығының жұмысына тоқталып, тұрғындарға нәтижелі түрде қызмет көрсетуді аса назарда ұстау керек екенін айтты.
– «109» орталығы бірден барлық міндеттемелерді өздеріне артып, кейін сапалы деңгейде оны атқара алмаса, сынның астына қаламыз. Сондықтан рет-ретімен, қадам-қадаммен міндеттемелерді қабылдау керек. Ең бірінші кезекте кері байланыс беру керек. Мысалы, үйде жарық, су, жылу болмай, коммуналдық апат болса, «109» орталығы хабарды бірінші кезекте алу керек, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов қаладағы барлық коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындарының диспетчерлік қызметтерін бірыңғай колл-орталық қызметіне біріктіру маңызды екенін алға тартты.
– Диспетчерлік қызметтің қоңырау шалған адамның үш сұрағына жауап бере алуы тиіс – мәселе бар екеніне хабардар болуы, бригадалар жұмысқа кіріскенін және су, жылу, жарық беру уақыты,– деді облыс әкімі.
Айта кетейік, есеп беру кезеңінде Павлодар облысында «109» бірыңғай байланыс орталығына 73 835 өтініш түсті. Бұл – өткен жылдың есеп беру кезеңімен салыстырғанда 14 472 өтінішке артық. Жалпы, «109» қызметінің операторлары айына 6 мыңнан 11 мыңға дейін арыз-шағым қабылдайды. Олардың ең көбі жаз айларында түседі.