Павлодар облысында соғыс ардагерлеріне қанша төленеді?

Өткен жылмен салыстырғанда төлемдер өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталады. Марапатталғандар тізімінде облыстың 2,8 мыңнан астам тұрғыны бар.
«1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалі Ұлы Отан соғысының алты ардагеріне, сондай-ақ фашизмді жеңуге үлес қосқандарға салтанатты түрде табыс етіледі. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған кезінде концлагерьдің тұтқыны болғандар мен Ленинград қаласының бұрынғы блокададағы тұрғындары, ҰОС мүгедектерінің жесірлері, 2,5 мыңнан астам тыл еңбеккері мен ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адам бар.
Алты майдангер Жеңістің 80 жылдығын тойламақ. Олардың төртеуі облыс орталығында тұрады: 101 жастағы Мария Курбатова, 99 жастағы Василий Григораш, 98 жастағы Сергей Выжутович, 97 жастағы Николай Ступка. Павлодар қаласының шығармашылық ұжымдары майдангерлердің аулаларында концерттік бағдарламалар ұйымдастырады.
Ақсуда бір ардагер – 98 жастағы Василий Московченко, ал Павлодар облысында – 99 жастағы Мария Матюшина қалды.
– Ұлы Отан соғысына қатысушы алты майдангер бес миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек алады. Сондай-ақ, олардың мәртебесіне байланысты Жеңіске үлес қосқан азаматтарға біржолғы төлемдер мөлшері ұлғайтылды, – деді Айнұр Раисова.
Соғыс батырларын еске алу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» республикалық бірыңғай онлайн ақпараттық платформасын іске қосты. Әркім осы платформаға өтіп, ардагер туралы ақпаратты орналастыра алады.