Павлодар облысында студенттерді жатақханаға орналастыру басталды
Биыл өтініш беру процесі толық цифрландыруға көшкен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста 20 тамыздан бастап жоғары оқу орындарының жатақханаларына студенттерді қабылдау басталды. Жаңа оқу жылында өңірдегі тоғыз жатақханада 2450 орын қарастырылған. Қазіргі таңда орын тапшылығы байқалмайды.
Облыстағы жатақханның үшеуі – Сұлтанмахмұт Торайғыров университетіне, екеуі – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне, біреуі – Инновациялық Еуразия университетіне, үшеуі – Екібастұз инженерлік-технологиялық институтына тиесілі.


Биыл шаһардағы жоғары оқу орындарына төрт мыңға жуық талапкер қабылданды. Студенттер қалашығында екі мыңнан астам жасты орналастыру жоспарланған. Өтініштер оқу жылы бойы қабылданып, кезек тәртібі мен белгіленген талаптарға сәйкес қаралады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің жастар саясаты және әкімшілік қызметі жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Индира Оралқанованың айтуынша, оқу орнында 1460 адамға арналған үш жатақхана бар. Биыл Толстой көшесіндегі бірінші ғимаратта шетелдік студенттер орналастырылса, қалған екеуі қыздар мен жігіттерге бөлек бөлінген.
– Биыл студенттер өздеріне ыңғайлы бөлмені және көршісін таңдауға мүмкіндік алады. Бұл үдерістің барлығы цифрлық форматқа көшірілді. Қоныстандыру кезінде басым санаттар ескеріліп, барлық өтініш тұрақты бақылаудан өтеді. Қазіргі көрсеткіш бойынша орын барлығына жетеді деп отырмыз, – деді проректор.
Жатақханаларда жастарға қажетті төсек-орын жабдықтары толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тоңазытқыш, кір жуғыш машина және ас дайындауға арналған құралдар бар. Кейбір бөлмелерде тамақ әзірлеуге арналған орын мен санитарлық торап қарастырылған.


Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде бір студенттің ай сайынғы төлемі 15 800 теңгені құрайды. Оқу жылына есептегенде, 10 ай үшін 158 мың теңге төленеді. Жекелеген санаттарға жеңілдіктер қарастырылған. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға 100 пайыздық жеңілдік беріледі. Үшінші топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқаруға белсенді қатысатын жастар 50 пайыз жеңілдікпен тұра алады.
Жатақханаларда ішкі тәртіп ережелері де белгіленген. Мәселен, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кешкі сағат 23:00-ге дейін ғимаратқа оралуы талап етіледі. Ережені жүйелі түрде бұзу жағдайлары арнайы комиссияда қаралады. Сонымен қатар, сырттан келген адамдардың жатақханаға кіруіне шектеу қойылған.


Өңірдегі студенттерді қоныстандыру барысын төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан жедел штаб бақылауда. Оның құрамына Қазақстан студенттерінің Альянсы, ҚР ғылым және жоғары білім министрі жанындағы студенттер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері кірген. Штаб жұмысын Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмен Дәурен Шәріпов үйлестіреді.
– Биыл мониторинг жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз барлық жоғары оқу орындарындағы жатақханалардың жағдайын, жастарды орналастыру тәртібін және бос орындарға қатысты мәселелерді тексеріп жатырмыз. Республикалық және облыстық ахуалдық орталықтар, сондай-ақ университеттердегі жедел орталықтар тәулік бойы жағдайды бақылауда ұстайды. Қандай да бір түсініспеушілік немесе орын тапшылығы туындаса, жедел штаб студенттерге көмек көрсетуге дайын, – деді Дәурен Шәріпов.
Айта кетелік, жатақханаға орналасу мәселелері бойынша республикалық бірыңғай ситуациялық орталықпен қатар, әр жоғары оқу орнында жеке ахуалдық орталықтар да жұмыс істеп тұр.