Павлодарлық студенттер әр бейсенбінде ұлттық киіммен жүруді әдетке айналдырған

Жастар «Ұлттық сезім» флешмобын қолдап, ролик түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Торайғыров университетінде аптаның әр бейсенбі күні- ұлттық киім күні.
Торайғыров университетінің жастары республикалық «Ұлттық сезім» флешмобынан қалыс қалмай, ұлттық киімдер мен әшекей – бұйымдарды тағып түскен бейнероликтерін Instagram парақшасында жариялады.
– Ұлттық киімдеріміз бен әшекей – бұйымдарымызды алдымен өзіміз тағып, басқа да жастарға, жақындарымызға үлгі көрсету, күнделікті киіп жүру – біздің борышымыз, – дейді студент.
Олар хакім Абайдың «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген сөзін есте сақтай отырып, еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсарып, ұлттық құндылығымыз да ұлықталатындығына сенімді екендерін жеткізді.
Студенттер эстафетаны әрі қарай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушы жастарына жолдады.
Айта кетейік, акция өткізу идеясын қазақстандық кәсіпкер, YPO Kazakhstan төрағасы Қанат Көпбаев ұсынған. Бұл флешмобты YPO клубына мүше компаниялар алғашқы болып қолдады. Бүгінгі таңда акцияға 20 000-нан астам қазақстандық қатысқан.
«Ұлттық сезім» флешмобына қатысушы еңбек ұжымдары ұлттық дресс-код күнін жариялап, қазақы нақыштағы киім мен әшекей-бұйымдарды тағып, арнайы хештегтермен әлеуметтік желіге фото-видео жүктейді. Соның арқасында бұл жоба туралы көбірек адам біліп, флешмобқа қатысушы қазақстандықтар саны артады.
在 Instagram 查看这篇帖子