Павлодар облысында оқушылар Хакатонның жүлдесін сарапқа салды
Хакатонға оқушылар арасында 54 команда қатысты, оның 16–сы ақтық кезеңде бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейінде жаңадан бастаған креативті IT мамандары мен стартаперлерге арналған IT-жарыстардың финалдық кезеңі өтті.
Хакатонға оқушылар арасында 54 команда қатысты. Оның 16-сы ақтық сынға жолдама алғандар. Финалдық жарыстар басталмас бұрын қатысушыларға нақты мәселені сипаттайтын 5 бірегей кейсті таңдау ұсынылды.
- Балалар өздері үшін қызықты жобаны таңдайды. Оларды іске асыруға 6 сағат беріледі. Әр түрлі деңгейдегі оқушылар үшін біз өз өнімімізді әр түрлі нұсқада – код, презентация немесе дайын шешім түрінде ұсынуға мүмкіндік бердік. Сайып келгенде, қатысушылар өз әзірлемелерін қазыларға ұсынады. Мұнда бұл жобаның шынымен де жұмыс істейтінін және оны өндіріске енгізуге болатындығын дәлелдейді, – деді №8 мектеп-лицей директорының орынбасары Виталий Кожокар.
Кейстерді білім беру жүйесінің өкілдері де, бизнес өкілдері де әзірледі. Тапсырмалар экономикалық және экологиялық салаларға қатысты болды. Мысалы, Торайғыров университеті шикізатты қайта өңдеу мәселесіне негізделген кейс ұсынды. Қатысушылардың алдында пайдаланылған батареяларды қабылдау терминалы үшін қосымша немесе жүйелік қамтамасыз етуді әзірлеу міндеті тұрды. Батареяларды қайта өңдеу кезінде адам жинақталған ұпайларды алу үшін QR кодын сканерлеуі керек. Балалар мәліметтер базасын ұйымдастырып, алынған ақпаратты өңдеуге арналған кодты әзірлеуі керек еді.
- Бизнес құрылымдары технологиялық тұрғыдан қажет сұрақтарды қойды. Мысалы, CRM жүйелері-бизнес шешетін уақытты, қаржыны, цифрлық және ағындық тапсырмаларды есепке алу және бақылау жүйелері. Балаларға бір қосымшада көптеген тапсырмаларды орындауға мүмкіндік берілді, - деп атап өтті Виталий Александрович.
Демеушілік қолдаудың арқасында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар ақшалай сыйаққа ие болды. Мұнда 3- орын үшін 50 мың теңге, 2-орын үшін 70 мың теңге, ал 1-орын үшін 100 мың теңге берілді. Ал бас жүлдеге 150 мың теңге тігілді.
Хакатонның қорытындысы бойынша бас жүлдесін Железин ауданы Новомир мектебінің "Кубит" командасы жеңіп алды. Ал 1-орынға "QuadroSymphony" командасы ие болса, 2-орынды "Smart41 Perl" командасы еншілесе, жүлделі 3-орынға "PowerTeenagers" командасының жұмысы лайық деп танылды.
Айта кету керек, финалдық кезеңге өтпеген қатысушыларға байқау демеушілерінен, жетекші кәсіпкерлерден және өткен кәсіпқойлардан шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік берілді.