Павлодар облысында суға шомылуға рұқсат етілген орындар көбеюі мүмкін

Павлодар облысында суға шомылуға рұқсат етілген орындар көбеюі мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үш жыл ішінде 12 жағажай жабдықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті. 

– Талдау жүргізу барысында өңірде суға түсуге рұқсат етілмеген 128 орын анықталды. Жылдан-жылға жабдықталған су айдындарын ұлғайтуға тырысамыз. Мысалы, 2021 жылы жағажайлардың саны – 35, 2022 жылы 42-ге дейін өсті. Қазір 47 жағажай бар. Енді рұқсат етілмеген су айдындарында тұрғындар жиі суға түсетін орындарды жабдықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға хат жібердік. Яғни, келесі жылы шомылуға болатын жағажайлардың саны артады, – деді спикер. 

Оның сөзінше, Ертіс өзенінің ағысы кей жерлерде әртүрлі және қауіпті болып келеді. 

– Құтқарушылар су айдынының түбін зерттегеннен кейін жағажайдың шомылу кезеңіне дайын немесе дайын емес екенін айтады. Мысалы, Зеленая роща демалыс аймағында судың ағысы өте қатты, – деп атап өтті Темірлан Жапалбай.

Еске сала кетейік, биыл он адам суға батып кетті. Ал, рейдтік іс-шара барысында 49 адам судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төледі.