Павлодар облысында су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілді

Павлодар облысында су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде тәулік бойы бақылау жүргізіліп, жүздеген мың текше метр еріген су сорылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралардың белсенді кезеңі жалғасуда. ТЖД бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

– Су тасқыны кезеңі басталғалы бері 293 мың текше метрден астам еріген су айдалды. Соңғы тәулікте Павлодар, Успен, Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандарында 825 текше метр су сорылған. Сонымен қатар қапшықтар төсеу, уақытша бөгеттер салу және су бұру траншеяларын қазу жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Алдын алу шаралары аясында инженерлік жұмыстар да күшейтілген. Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында Сілеті өзенінде мұз кептелісінің алдын алу үшін 680 метр мұз кесіліп, 1600-ден астам жерде бұрғылау жұмыстары жүргізілді.

Баянауыл ауданында «Жаңажол-Ескелді» автожолының кейбір учаскесінде су жүргенімен, көлік қозғалысы бұзылған жоқ. Ал «Рождественка-Павловка» автожолының 9–10-шақырымында еріген су жиналуына байланысты қозғалыс уақытша шектеліп, баламалы бағыттар ұйымдастырылды.

Өңірде барлық су өткізу құрылыстары ашылып, елді мекендерде қар шығару және басқа да алдын алу жұмыстары атқарылған. Қажетті материалдар мен жанар-жағармай қоры жасақталған.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғау күштері толық жұмылдырылған. Жалпы саны 1800-ден астам қызметкер, 975 техника, 357 су сорғыш құрылғы және 21 жүзу құралы тартылған.