Павлодар облысында сілеусін объективке түсіп қалды

Сілеусін – өте ақылды жыртқыш жануар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерватының мәліметінше, мемлекеттік инспекторлар аумақты кезекті патрульдеу кезінде сілеусінді кездестірген.
– Интеллект, жылдамдық, қулық және таңғажайып реакция. Бұл белгілердің барлығы сілеусінге тән. Бұл жыртқыштың артқы табандары алдыңғы табандарының іздерін дәл басып отырады. Бір тәулікте 30 шақырымға дейін жүріп өтеді, – дейді резерватта.
Табиғатта сілеусін 15-20 жылға дейін өмір сүреді. Ересек сілеусін күніне шамамен екі келі ет жеуі керек, 4,5 метр алға секіре алады.
Есту қабілеті өте жоғары. Тышқанның қозғалысын 100 метр қашықтықта да ести алады. Солтүстік мысық орманды аралап келе жатқан адамның қозғалысын бірнеше шақырым жерден естиді.
Көру қабілеті де керемет. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жабайы мысық жарық өте аз болғанда да олжасын бір шақырым жерден көре алады. Сондай-ақ, сілеусіндер түстерді ажыратады. Өткен жылы резерватта шамамен 60-тан астам сілеусін болған.
Еске сала кетейік, орманшылар жабайы жануарлардың орманға жиі кіріп кету себебін айтқан болатын.