Павлодар облысында тұмау жағдайлары тіркелген жоқ

Павлодар облысында тұмау жағдайлары тіркелген жоқ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыста ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық тіркелуі байқалады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанованың айтуынша, өңірде вирустың айналымына мониторингті жүзеге асыру кезінде апта сайынғы бақылау деңгейлерінен асып кету дерегі тіркелмеген.

Мәселен, ағымдағы жылы 20-26 қыркүйек аралығында ЖРВИ-дың 12 777 жағдайы тіркелген. 27 қыркүйектен бастап ЖРВИ-дың 10913 жағдайы, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 7017, 1 жасқа дейін – 283, жүкті әйелдер арасында 20 жағдай анықталды. ЖРВИ ауруы бар науқастар – 85, оның ішінде жүкті әйелдер – 4, бір жасқа дейінгі балалар – 23. Пневмониямен ауруханаға 40 адам жатқызылған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 26, бір жасқа дейінгі балалар – 13. 

Тұмаудың алдын алу стратегиясында вакциналауды ұйымдастыру және уақытылы жүргізу басым мәнге ие. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, жыл сайын облыста халықтың 10%-дан астамын қамтитын маусымдық тұмауға қарсы вакциналау жүргізіледі, – дейді Зәмзагүл Досжанова.

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және профилактикалық егуге жататын халық топтарын бекіту туралы» №612 қаулысына сәйкес, тұмауға қарсы профилактикалық егулерді диспансерлік есепте тұрған жеткіншектер, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, балалар үйлері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдар: екінші, үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған ересек тұрғындар, медицина қызметкерлері алады.

Биыл облыста тұмауға қарсы вакцинаның 90 мың дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда облыста жергілікті бюджет қаражаты есебінен 28 628 тәуекел тобындағы адамдарға екпе салынды, 1371 адам жұмыс берушілердің қаражаты есебінен вакцина алды. Барлығы 29 999 адам қамтылды.