Павлодар облысында жарақат алғандар саны артты
Демалыс күндері облыстың жарақат пункттеріне 93 адам жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның ішінде – алтауы бала. Зардап шеккендердің 50 % бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген.
– 6 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде біреуі – бала. Көбінесе тобық пен білезік буындарының көгеруі, бұлшықеттердің созылуы, қолдың көгеруі, тобық буынының созылуы тіркеледі, – дейді басқармада.
Естеріңізге сала кетейік, қала көшелерінде қар тазалау жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Таңертеңгі сағат 6:00-ден бастап қарды тазалайтын және шығаратын арнайы техникалар жұмысын жалғастыруда. 150 техника: 25 тиегіш, 10 трактор, 12 құм шашқыш, 49 сыпырушы техника және 8 ЗИЛ көлігі жұмысқа тартылған. Жол жиектерін, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалауға 200-ден астам адам жұмылдырылған.
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК Павлодар облыстық филиалы облыстан барлық бағытта республикалық маңызы бар автожолдарды қардан тазарту тұрақты негізде және көктайғаққа қарсы құрғақ материалдар себу бойынша жұмыстар атқарылуда. Жұмысқа 51 жол техникасы және 150 адам жұмылдырылды.