Павлодар облысында тыйым салынған аумен балық аулаған ақсулық ұсталды

Бұл құқықбұзушылық өңірде өтіп жатқан «Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылы маңында, Ертіс өзенінің Тентек саласында полицейлер уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады.
– Тәртіп сақшылары анықтағандай, Павлодар облысының тұрғыны тыйым салынған капрон ауын пайдаланған. Оған қатысты балық аулау ережелерін бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған құқықбұзушылық «Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелді. Бұл рейдтің басты мақсаты – су биоресурстары мен балық шаруашылығы маңызы бар су айдындарын заңсыз әрекеттерден қорғау, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, уылдырық шашу кезеңі басталғалы бері облыс аумағында заңсыз балық аулаудың 51 дерегі анықталған. Барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, тиісті шаралар қабылданған.
Полицейлер «Уылдырық шашу» шарасы биылғы 30 мамырға дейін жалғасатынын еске салып, азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.