Павлодарлық дәрігерлерді не шабыттандырады

Павлодарлық дәрігерлерді не шабыттандырады
Фото: автор

Денсаулық сақтау министрлігі «Неліктен медицинаны таңдадым» челленджін бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мақсат – медицинаның адамдық келбетін көрсету, жас мамандарды жігерлендіріп, қоғамға күн сайын адам өмірін сақтап жүрген мамандар жұмысын көрсету. Акцияға Павлодар облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері қолдау көрсетті.

– Мен бала кезімнен адамдарға көмектескенді ұнататынмын. Ана болу адам өміріндегі ең ғажайып сәттердің бірі. Әр күнімді ерекше қуанышпен, жоғары жауапкершілік сезімімен қарсы аламын, – дейді босанғаннан кейінгі бөлімшенің акушер-гинеколог дәрігері Жанар Дубаева.

Анестезиолог-реаниматолог Иван Зверев балалық шағындағы қызықты оқиғаны еске алды.

– Мектепте химия мен биологияны жақсы көретінмін. Бірде биология пәнінің мұғалімі Федор Угловтың «Сердце хирурга» кітабын партама әкеп қойды. Бұл да мені дәрігер болуға аздап шабыттандырса керек. Пафоссыз айтсам, мен адамдарға көмектескім келді, - деп мойындайды дәрігер.

Резидент акушер-гинекологтар Әмина Ділдебаева мен Зия Айқынқызы да бұл мамандықтың күрделілігіне қарамастан саналы түрде осы саланы таңдаған. Қыздар болашақ әріптестеріне жақсы оқып, үнемі өздерін жетілдіріп, жауапкершілікпен жүрулеріне тілектестік білдірді.

– Акушер-гинеколог мамандығында әрбір минут, әрбір сөз, әрбір іс маңызды, – дейді резидент Зия Айқынқызы. – Осы кәсіптен табылғаным үшін тағдырға ризамын. Күнделікті жұмыстарымен шабыттандырып, қиын ауысымдарда көмектесіп, тәжірибелерімен бөлісетін әріптестеріме алғыс айтамын.

Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері эстафетаны Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестеріне табыс етті.