Павлодар облысында түнде алкоголь сатқан 50-ге жуық дүкеннің жұмысы тоқтады
Бұдан бөлек тағы 100-ден астам заң бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, жазадан жалтару мәселесі анықталған. Кейбір кәсіпкерлер лицензиясы тоқтатылғаннан кейін оны басқа тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге қайта рәсімдеп, қызметін жалғастыра береді.
– Облыстық прокуратурамен бірлесіп, біз Бас прокуратураға заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдадық. Мәселе лицензиядан айыру шарасын тек заңды тұлғаға ғана емес, нақты нысанға қатысты қолдану арқылы осындай олқылықтардың алдын алуға бағытталған, – деп түсіндірді ол.
Қазіргі уақытта белгіленбеген уақытта алкоголь сату бойынша 131 дерек тіркелген. Нәтижесінде 49 дүкеннің қызметі уақытша тоқтатылды.
Полиция өкілдері алкогольді тұтыну көбіне құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға себеп болатынын еске салады.
Сонымен қатар денсаулық сақтау органдарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарындағы төсек-орын санын тағы 20-ға арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда олардың саны 24, кешкі уақытта, әсіресе мереке және демалыс күндері толып кетеді. Мұндай жағдайда агрессивті немесе мас күйдегі азаматтарды полиция бөлімдеріне жеткізіп, уақытша ұстау камераларына орналастыруға тура келеді.
Мұндай орталықтар желісін кеңейту мас күйдегі құқық бұзушыларды оқшаулауға, медициналық куәландыру жүргізуге және кейін оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.