Пайда табу ниетімен алаяқтарға алданған павлодарлықтардың саны артты

Пайда табу ниетімен алаяқтарға алданған павлодарлықтардың саны артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Облыста интернет арқылы жасалатын қылмыстар 68 пайызға көбейген. Зардап шеккендердің арасында жастар тіпті оқушылар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында интернет алаяқтығы оқиғалары күн сайын тіркеліп жатыр. Құқық қорғау органдарының дерегінше, тәулігіне үш-бес жаңа жағдай анықталады. Залал көлемі 80 мың теңгеден бастап 90 миллион теңгеге дейін жетеді. 2025 жылдың басынан бері жалпы шығын 3,5 миллиард теңгеден асты.

– Он айда өңірде 1973 интернет-қылмыс тіркеліп, олардың 515-і ауыр санатқа жатқызылды. Қылмыстардың өсуіне қарамастан, ашылу көрсеткіші тұрақты деңгейде. 283 іс сотқа жолданды. 28 адам ұсталды, олардың екеуі ұйымдасқан топ құрамында болған, – деді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Сұлтанбек Кадержанов.

Оның айтуынша, ұсталғандардың арасында студенттер мен екі жасөспірім де бар.

– Алаяқтардың ең жиі қолданатын әдісі – өздерін банк, полиция немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстыру. Олар «сіздің шотыңызға шабуыл жасалды» деп сендіріп, SMS-кодты сұрап алады. Кейін тағы бір «қызметкер» хабарласып, деректеріңіздің қауіпте екенін айтып, азаматтарды шатастырады. Осылайша адамдар өздері шоттарына қолжетімділікті ашады, – дейді ол. 

Сұлтанбек Кадержанов ешбір банк немесе мемлекеттік орган WhatsApp арқылы хабарласпайтынын ескертеді. Спикердің сөзінше, егер осындай қоңырау түссе, бұл – алаяқтардың әрекеті. Әңгімеден кейін ресми нөмір арқылы банкке өзіңіз қоңырау шалыңыз. SMS-кодтар мен жеке деректерді ешкімге бермеңіз.