Павлодар облысында ювеналды полицейлер жазғы демалыс кезінде бақылауды күшейтті
Жыл басынан бері түнгі уақытта балаларды қараусыз жібергені үшін мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жастар көп жиналатын орындарда тұрақты профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда. Тексеру барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталып, ата-аналарына тапсырылды. Аталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – әрбір ересек адамның басты міндеті. Жазғы демалыс кезінде балаларға төнетін қауіп арта түседі. Бұған ауа райы, бос уақыттың көп болуы және ең бастысы – ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болады, – деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Ведомствода атап өткендей, жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүруіне байланысты 1459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция 18 жасқа толмағандардың заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін, ал тұрғынжайдан тыс жерде 23:00-тен 6:00-ге дейін жүруіне тыйым салынатынын еске салды.