Павлодар облысында жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы бөлінбек?

Павлодар облысында жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы бөлінбек?
Фото: pixabay.com

Өңірде қалаларды безендіруге жыл сайын бөлінетін қаражат сомасы елу-алпыс миллион теңге аралығында болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

– Мысалы, Екібастұзға – 38 миллион, Павлодарға 52 миллион теңге бөлінеді. Былтыр қаржының басым бөлігі мұз қалашығына жұмсалды. Сонымен қатар, көшелер жарықтандырылып, безендіріледі. Біздің облыс солтүстік аймақ болған соң, жаз уақыты өте қысқа. Халықтың көңілін көтеруге, жайлы жерлерді ұйымдастыруға мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан қаланы абаттандыруға, безендіруге жыл сайын қаражат бөлу қарастырылған, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында. 

Еске сала кетейік, былтыр облыс орталығында мерекелік символ жаңартылды. Жаңа жылдың басты белгісіне – 52 миллион, ал мұз қалашығын құрастыруға 53 миллион теңге қаражат кетті. Жаңа шыршаның бүкіл металл құрылымы, оның орнатылуы, аязға төзімді 534 метрлік неон жолақтар, ойыншықтар, үш мың шамнан тұратын мерекелік гирлянд, 130  қар түйіршігі 52 миллион теңге сомасына кірді. Шыршаның жалпы салмағы 28 мың килограммды құрады.