Павлодар облысында жанармайды заңсыз әкетудің әрекеттері тоқтатылды
Шекарада төрт мың литрге жуық жанар-жағармай тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерін өткізуге бақылауды күшейтті.
Ведомствоның мәліметінше, бақылау тәулік бойы автомобиль өткізу бекеттерінде және облыс аумағында жұмыс істейтін мобильді топтардың қатысуымен жүргізілуде. Сонымен қатар автожанармай құю станцияларындағы жанармай сатылымына күнделікті мониторинг жасалады.
Күшейтілген бақылау нәтижесінде шекара арқылы жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 94 әрекетінің жолы кесілді. Жалпы көлемі 3963 литр жанармай тәркіленді. Оның ішінде 1390 литрі бензин (75 дерек), 2573 литрі дизель отыны (19 дерек).
Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігін жеңіл автокөлік жүргізушілері жанармайды канистрлермен алып өтуге әрекет жасаған кезде жасаған.
Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері шекара маңындағы 15 автожанармай құю станциясында хронометраждық зерттеулер жүргізіп, бензин мен дизель отынының сатылу көлемін бақылап отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2026 жылғы 21 қарашаға дейін автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін елден әкетуге тыйым салынған. Ал 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс елдерге жеңіл дистилляттар, авиакеросин, дизель отыны, газойльдер, толуол, ксилол және мұнай битумын экспорттауға уақытша шектеу енгізілген.
Мемлекеттік кірістер департаменті шекарадағы бақылау-тексеру іс-шаралары тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасатынын мәлімдеді.