Павлодар облысында жарықдиодты шамдар бірнеше өрттің шығуына себеп болды

Павлодар облысында жарықдиодты шамдар бірнеше өрттің шығуына себеп болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Төтеншеліктер тұрғындарды абай болуға шақырады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Өңірде жарықдиодты шамдардың себеп болуымен өрттер мен жану жағдайлары жиілеп кетті.Мәселен, Малайсары батыр көшесінде орналасқан дүкенде аталмыш шамның салдарынан өрт шықты. Жалын 55 шаршы метр аумақта шарпыған, - делінген хабарламада.

Ал Екібастұз қаласындағы банктердің бірінің бөлімшесінде жарықдиодты шам жанған. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде аталған жағдайлардың барлығында өрттің шығуына жарықдиодты шамдар себеп болғаны анықталды. Жарықдиодты шамдар апатты жұмыс режиміне ауысқан кезде полимерлі қақпағы балқып, кейіннен балқыған масса шамның астында орналасқан жанғыш материалдарды тұтандырған.

Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының зерттеу-сынақ өрт зертханасы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және жарықдиодты шамдарды тек ресми дилерлерден және сертификатталған дүкендерден сатып алуға шақырады.