Павлодар облысында жастар бастамаларына қолдау күшейді
Еріктілердің тың жобаларына гранттар беру екі есеге артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының өкілі Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, өңірде еріктілер қызметін ынталандыру тұрақты негізде жүргізіліп келеді.
– Егер өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алты шағын грант берілсе, биыл олардың саны 12-ге дейін ұлғайтылды. Бұл шешім жастар тарапынан қызығушылықтың артуына байланысты қабылданды. Өткен жылы конкурсқа 15-тен астам өтінім түссе, биыл олардың саны 20-дан асты, – деді ол.
Қаржылай қолдау әлеуметтік көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру, инклюзивті ортаны қалыптастыру және басқа да қоғамдық маңызы бар бағыттарға беріледі. Биылғы байқау қорытындысы бойынша гранттардың алтауы қала жастарына, қалған алтауы ауылдық жерлердегі бастамашыл топтарға табысталды.
Басқарма өкілінің айтуынша, негізгі мақсат – тек облыс орталығындағы емес, барлық қала мен аудандардағы белсенді азаматтарға мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік маңызы бар идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасау.
Байқауға ұсынылған жұмыстардың арасында экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған тың ұсыныстар да бар. Мәселен, Шарбақты ауданынан қатысқан жас эко-белсенді өз жобасы арқылы аудан көлемінде табиғатты қорғау акциялары мен ағартушылық кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр
– Біздің міндетіміз – жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғам өміріне араласуына жағдай жасау. Шағын гранттар дәл осы мақсатқа қызмет етеді. Олар өз ойларын іске асырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік дамуына нақты үлес қосады, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Айта кетейік, бұл бастама мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келеді. Жыл соңында барлық жұмыстардың нәтижесі қорытындыланып, олардың тиімділігі сараланады. Қажет болған жағдайда қаржыландыру көлемін алдағы уақытта одан әрі ұлғайту мүмкіндігі қарастырылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында өткен «Volunteer Time» шағын гранттар байқауының қорытындысы бойынша өңірдегі үздік еріктілер жобалары мемлекеттік қолдауға ие болған еді. Байқау аясында әлеуметтік, экологиялық және қоғамдық маңызы бар идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттар табысталды.