Тереңкөл ауданының ауылдарында балабақша мен мәдениет үйі жөнделеді
Песчаное және Береговое ауылдарының тұрғындары облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесу барысында аталған нысандарды жөндеуге көңіл бөлуді өтінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Песчаное ауылында 1976 жылы салынған балабақша жөндеуді қажет етеді. Бүгінде мектепке дейінгі мекемеге 109 бала барады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалған, алайда құжаттама мерзімі күзде аяқталады.
Өңір басшысы ЖСҚ-ға қазіргі бағаларды ескере отырып түзетулер енгізуді және 2024 жылғы бюджетке өтінім беруді тапсырды. Сондай-ақ өңірдің осындай ірі ауылдарына қолдау көрсетуге басымдық берілетінін атап өтті.
Береговое ауылында 2021 жылы өрт болған жергілікті мәдениет үйіне де әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
– Егер біз қазір қаражат бөлсек те, конкурстық рәсімдер бірнеше айға созылады. Мердігер тек қыркүйекте белгілі болады, бұл кезде жаңбыр басталады. Сондықтан жылдың соңына дейін бюджеттік өтінім беруді ұсынамын, мердігер қысқы конкурстық рәсімдерден кейін наурыз айында жөндеуге кірісе алады, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ, аудан орталығының тұрғындары аллеяларға асфальт төсеуді сұрады. Облыс әкімі бұл тез арада емес, жоспарлы түрде шешілетін мәселе екенін жеткізді.