Павлодар облысында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандар көбеюде

Павлодар облысында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандар көбеюде
Фото: Амира Жартекей

Жүзден астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз демалыс» республикалық акциясы аясында прокуратура және полиция департаментімен бірлескен рейд ұйымдастырылды. Іс-шара барысында демалушыларға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларының сақталуы тексерілді.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямовтың айтуынша, акцияның басты мақсаты – су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы оқиғалардың алдын алу.

Жыл басынан бері облыс бойынша 200-ден астам рейд ұйымдастырылды. Судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 100-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Тілекжан Ғалямов.

Басқарма бастығының мәлімдеуінше, бірінші шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді бақылау құзыреті көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне беріледі. Осыған байланысты судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі.

Рейд барысында солтүстік полиция бөлімі шағын көлемді кемені мас күйінде басқарған екі азаматты анықтап, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартты.

Тілекжан Ғалямовтың сөзінше, қозғалтқышының қуаты 10 ат күшінен асатын шағын көлемді кемені басқару үшін арнайы жүргізу құқығы қажет. Сонымен қатар, кеме иесінде техникалық құжат – кеме билеті болуы тиіс. Кеменің борттық нөмірі мен қозғалтқышының қуаты құжаттардағы мәліметтерге сәйкес келуі міндетті.

Кемедегі барлық адамдар міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі қажет. Сондай-ақ кемеге рұқсат етілген жолаушылар санынан артық адам отырғызуға болмайды, – деді ол.

Биыл облыста шағын көлемді кемелердің қатысуымен үш оқиға тіркелген. Соның бірінде кеме суға батып кеткен. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себебі – қайықтың шамадан тыс жүктелуі. Кейбір жағдайда төрт адамға арналған қайыққа алты-сегіз адам отырған.

Осындай оқиғалардың бірі маусым айының басында Ертіс өзенінде болған. Өзеннің арғы бетіне өтпек болған қайық аударылып, оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар судағы адамдарды аман алып қалған.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, шағын көлемді кемелерге жағажай аумағына кіруге және жағажайдан 50 метрге дейінгі қашықтықта жүзуге тыйым салынады. Жағажайларда мұндай кемелер үшін арнайы тұрақ орындары қарастырылуы қажет. Барлық қауіпсіздік талаптары орындалған жағдайда ғана жолаушыларды тасымалдауға рұқсат беріледі.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 358-бабына сәйкес, шағын көлемді кемені мас күйінде басқарғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң бойынша құқық бұзушыға 50 тәулікке дейін қамауға алу, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалуы мүмкін. Нақты жаза түрін сот белгілейді.

Шомылу маусымы басталғалы облыста алты адам суға батып көз жұмды. Оның екеуі – балалар. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың мас күйінде суға түсуі мен жабдықталмаған орындарда шомылуы салдарынан болған, – деді басқарма басшысы.

Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды тек ресми коммуналдық және жекеменшік жағажайларда демалуға, белгіленген қалқымалардан аспауға, мас күйінде суға түспеуге және балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырады.