Павлодар облысында жазғы аптап жедел жәрдем жұмысына салмақ салды
Павлодар облысында күннің күрт ысуына байланысты жедел жәрдем шақыруларының саны айтарлықтай өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Ирина Лещенко мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаз мезгілінің басталуымен шақыртулар саны 15-20 пайызға көбейген. Әсіресе күннің ең ыстық уақыты – сағат 12:00 мен 16:00 аралығында көшеде денсаулығы нашарлаған тұрғындардан қоңыраулар жиі түседі.
– Мамыр айының соңында тәулігіне орта есеппен 630-640 шақырту тіркелсе, қазір олардың саны 708-730-ға дейін жетті. Демалыс күндері 750-760 шақыртуға дейін барады, – деді Ирина Лещенко.
Маманның сөзінше, қазіргі уақытта ауа температурасы 31-35 градусқа дейін көтеріліп отыр. Мұндай жағдайда күн өту қаупі артады. Оның негізгі белгілері – кенеттен әлсіреу, қатты терлеу, бас айналу, суық жабысқақ тердің шығуы және есінен тану.
Күннің ыстығы әсіресе кішкентай балалар мен созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Тәуекел тобына жүрек-қан тамырлары және бронх-өкпе ауруларымен ауыратын азаматтар жатады.
Дәрігерлер ата-аналарға балаларды ашық күн астында ұзақ ұстамауға, міндетті түрде бас киім кигізуге және өздерімен бірге таза ауыз су алып жүруге кеңес береді.
– Су теңгерімін тәтті сусындармен толықтыруға болады деген пікір қате. Газдалған сусындар, шырындар немесе компот емес, кәдімгі таза су ішу қажет, – дейді маман.
Сондай-ақ тұрғындарға сағат 10:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше көлеңкелі жерде жүру, ашық түсті әрі жеңіл мақта матадан тігілген киім кию ұсынылады.
Егер адам күн өтіп, өзін жайсыз сезінсе, оны дереу көлеңкеге немесе салқын жерге апарып, денесін салқын сумен сүртіп, тәтті шай ішкізіп, аяқтарын сәл көтеріп жатқызып, жедел жәрдем шақыру қажет.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда тәулігіне 66-75 шақырту вирустық инфекция белгілері бар науқастарға тіркеледі. Олардың басым бөлігі – балалар. Алайда мамандар мұны аптап ыстықпен тікелей байланыстыруға болмайтынын атап өтті.
Айта кетерлігі, алдағы күндері қатты ыстық 33-38, облыстың оңтүстігінде өте қатты ыстық 41°C болады деп болжануда.
Еске салайық, тұрғындар жаппай су айдындарына бара бастағаннан кейін судағы жазатайым оқиғаларға байланысты шақыртулар саны артқан. Өткен сенбі күні Павлодар қаласында көмек 15 жастағы қыз балаға қажет болды. Ол құтқару станциясы маңында өзенге тек аяғын сулау үшін кірген. Алайда құмға батып кетіп, тепе-теңдігін сақтай алмай суға құлаған. Құтқарушылар мен ақ желеңділердің жедел әрекетінің арқасында қыз бала аман қалды. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.