Павлодар облысында этнофестиваль аясында ұлттық дәстүрлер насихатталды
Тағылымды іс-шараға өңірдегі ауыл мектептері жанындағы лагерь тәрбиеленушілері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласындағы Үштерек орта мектебінің жанындағы этнолагерьде мектеп оқушыларына арналған жазғы лагерь маусымының жабылуына орай «Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі» атты этнофестиваль ұйымдастырылды.
Фестиваль жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу және туған елдің тарихы мен дәстүріне деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында ақ жаулықты әжелер балалармен кездесіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері, отбасы тәрбиесі, үлкенді құрметтеу және ұлттық құндылықтарды сақтау туралы тағылымды әңгімелер айтты. Даналыққа толы әңгімелер мен өмірлік тәжірибелер жас буынға ата-баба мұрасының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Qazag Food Fest» алаңында оқушылар ұлттық тағамдардың дайындалу ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар бауырсақ пісірудің қыр-сырын меңгеріп, қымыз, құрт, қаймақ секілді дәстүрлі тағамдардың пайдасы мен дастарқан әдебі туралы қызықты мәліметтер алды.
Сонымен қатар, оқушылар «Құрттың пайдасы» тақырыбындағы жобаларын қорғап, ұлттық өнімнің құрамы мен адам денсаулығына тигізетін оң әсері жөнінде ғылыми деректер ұсынды.
Ал «Тұлпар рухы» әскери шатырлы лагерінде ұлттық ойындар алаңы ұйымдастырылды. Балалар асық ату, бес асық, арқан тарту, тоғызқұмалақ және қол күрес бойынша бақ сынады.
Бұдан бөлек, қатысушылар қамшы өру өнерімен танысып, ат әбзелдерінің түрлерін зерттеді. Осы арқылы олар қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ерекшеліктерін зерделеп, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын арттырды.
– Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – өскелең ұрпақтың бойында туған елге деген сүйіспеншілік пен тарихи сананы қалыптастырудың маңызды тетігі. Осындай іс-шаралар арқылы балалар халқымыздың бай мұрасын тереңірек танып, оны құрметтеуге үйренеді, – деді ұйымдастырушылар.
Олардың айтуынша, мұндай этнофестивальдер жас ұрпақтың ұлттық болмысын нығайтып, салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.