Павлодарлық медициналық мекемелерге айыппұл не үшін салынады?

Айппұлмен жиналған ақша науқастарға жақсырақ қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының барлық медициналық ұйымдарында науқастардың құқықтарын қорғау және медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету үшін қажет науқастарды қолдау және ішкі бақылау қызметтері ашылды. Стандарт бойынша мұндай кабинеттер әрбір емхана мен аурухананың бірінші қабатында орналасуы керек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Жангелді Шайымбетовтың айтуынша, қызмет медициналық көмек көрсету тәртібін бұзу фактілерін анықтау үшін арналған.
– Егер науқас дәрігерлердің немқұрайлылығына, медицина қызметкерлерінің дөрекілігіне немесе көмек көрсетуден бас тартуына тап болса, осы қызметке хабарласуы керек, – деді директор. – Көпшілік МӘМС қорында ақшаның жоқтығынан дәрігерлерге жазылулары ұзаққа шегеріліп жатқанына шағымданады. Облыстағы барлық медициналық мекемелермен келісімшартымыз бар, сондықтан олар қорда ақша бар-жоғына қарамастан сапалы қызмет көрсетуге міндетті.
2023 жылдан бері жеті мың шағым болса, 2024 жылы бұл сан үш мыңға дейін азайды. Басты шағымдар – ұзын кезек пен дәрігерлердің өрескелдігі.
Өткен жылы облыста емдеу мекемелерінің жұмысында 105 нақты ақау анықталғандықтан, қор оларға айыппұл салуға мәжбүр болған. Айыппұлдың жалпы сомасы төрт миллион теңгеден асты.
– Біз тәртіптік жаза қолданбаймыз, мұны тек денсаулық сақтау басқармасы жасай алады. Біз тек экономикалық шараларды қолдана аламыз. Бірақ біз жиналған ақшаны өзімізге қалдырмай, үлгілі жұмыс істеп жатқан медициналық мекемелерге таратамыз, – деп атап өтті Жангелді Шайымбетов.
Барлық қызмет көрсету кеңселерінде адамдардың ЖСН дұрыс жазбас үшінжәне жалған қосып жазылған ақпараттардың алдын алу үшін Face ID енгізілді. Екінші нұсқа да бар – Kaspi немесе eGov mobile қосымшасы арқылы алты таңбалы кодты енгізу керек. Баланы Damumed қосымшасында ата-анасы арқылы тіркеуге болады.