Павлодарда «103» қызметкерлері реанимация арқылы әйелді өлімнен аман алып қалды
Жыл басынан бері өңірдегі жедел жәрдем бригадасы шақыру кезінде жеті реанимация жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 18 сәуірде 103 желісіне шұғыл қоңырау түсіп, есінен танып қалған және өмір белгілерін көрсетпеген 59 жастағы әйелге көмек қажет болған.
– Жедел жәрдем бригадасы 6 минуттан кейін оқиға орнында болды. Науқаста өкпе ауруы болған, нәтижесінде тамыр жүйесі зақымдалған. Дәрігерлер дереу дефибрилляторды қолданып, реанимацияға кірісті. Әйелді клиникалық өлім жағдайынан шығара алғаннан кейін ол №1 қалалық ауруханаға жеткізілді, – деді жедел жәрдем станциясында.
Осылайша, жыл басынан бері облыста жедел жәрдем қызметкерлері жеті адамға реанимация жасап, алты пациентті клиникалық өлім жағдайынан шығара алды. Өңірде 103 қызметіндегі сәтті реанимациялардың үлесі 85,7%-ға дейін өсті. Республика бойынша бұл көрсеткіш шамамен 50%-ға тең.
Мұндай жетістікке жетуге станцияның өзінде ашылған, 10 жылдан астам уақыт жұымс істейтін оқу орталығы себеп болуда.
– Медициналық бригадалардың әрбір мүшесі өз базасында үздіксіз дайындықтан өтеді. Бұл біздің фельдшерлер мен жүргізушілерге де қатысты, олар қазірдің өзінде дәрігерлермен бір деңгейде реанимация жүргізеді, – дейді станция бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.
2011 жылы станция реанимация алгоритмі туралы білімді арттыру туралы шешім қабылдап, оқу орталығын ашты. Ол кезде дәрігерлердің тек 15-20%-ы ғана реанимациялық іс-шара жасауды білген. Орталық қажетті құрал-жабдықпен қамтылып, бірегей орталыққа айналды.
Бүгінде қызметкерлердің 100% реанимациялық іс-шара жасай алады деп айтуға болады. Күн сайын облыс бойынша ауысымда жедел жәрдемде 70-ке жуық медициналық бригада жұмыс істейді. Бұл – 200-ден астам жұмысшы.
Фото: облыстық жедел жәрдем станциясы