Павлодар облысында жаңа мешіттер мен шіркеулер ашылады

Павлодар облысында жаңа мешіттер мен шіркеулер ашылады
Фото: Константин Шелков

Діни нысандар жамағаттың бастамасымен бой көтереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіровтің айтуынша, биыл тоғыз мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Тағы бірнеше Алла үйі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан ресми мәртебе алуды күтіп отыр. Оларды ресми түрде ашу үшін тиісті құжаттарды алып, тіркеуден өткізу қажет.

Православ шіркеулері де мемлекеттік тіркеуді күтіп отыр.

– Ямышев ауылында жамағат пен казак қауымының демеушілігімен шағын храм салынды. Әзірге нысан ресми тіркелмеген. Қазіргі уақытта жер учаскесін рәсімдеу және ғимаратты пайдалануға беру мәселелері шешіліп жатыр. Тағы бір нысан – Ертіс ауданының Қызылжар ауылында салынған шағын шіркеу-ғибадатхана. Ғимарат қажетті шіркеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген, іске қосылуға өткізуге дайын. Оның құрылысын жергілікті кәсіпкерлердің бірі қаржыландырды. Алайда бұл жерде де нысанды пайдалануға беру және жер қатынастарын рәсімдеу мәселелері әлі шешілген жоқ,– деді Павлодар және Екібастұз епархиясы басқармасының хатшысы Алексей Степанов. 

Нұрлан Байбәкіров Павлодардағы еврей қауымдастығының жұмысына да тоқталды. Жақында синагога қауымдастығына жаңа басшы тағайындалды. Діни қызметші басшылық қызметке ресми түрде бекітілуін күтіп отырған.

Павлодар облысында 12 конфессияны қамтитын 167 діни бірлестік тіркелген. Қазіргі уақытта өңірде 111 мұсылман мешіті, 26 православтық, 8 католиктік, 20 протестанттық, бір иудейлік және кришна санасы ұйымы бар.