Павлодарда офтальмологиялық жабдықтың таныстырылымы өтті

Павлодарда офтальмологиялық жабдықтың таныстырылымы өтті

Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында орнатылған офтальмологиялық жабдық «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталықтағы неонаталогия қызметінің басшысы Жанылай Қапанованың айтуынша, 2012 жылдан бері ретинопатия диагнозы қойылған балалар  әрі қарай жедел ем алу үшін Алматы мен Астанаға  жеткізілген. Ал 2015 жылдан бастап лазерлі коагулятор  аппараты сатып алынғаннан кейін мұндай балалар орталықта ем ала бастаған. 

– 2023 жылдың наурыз айында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңа заманауи лазерлі коагулятор сатып алынды. Заманауи үлгіде жабдықталған құрылғы балаларды одан әрі емдеуді жеңілдетеді деп ойлаймын. Шала туған нәрестелерді тексеру  гестационды мерзімнен басталады. Бұл балаларға төрт апта толғаннан кейін көз дәрігері олардың ретинопатиясын тексере бастайды. Ретинопатия –  бұл торлы қабықтың бөлінуі, торлы тамырлардың өсуі және дәрігер бұл диагнозды қойғаннан кейін бақылай бастайды. Балалардың барлығына ота жасау талап етілмейді, – дейді Жанылай Қапанова.

Неонаталогия қызметі басшысының сөзінше,  айына шамамен мұндай 2-3  ота  жасалады. 2022 жылы перинаталдық орталық базасында 40 ота жасалса, биылғы жылдың үш айында сегіз хирургиялық араласу жүргізілген.  

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева офтольмологиялық скрининг  құрылғысы Қазақстан бойынша 28   орталыққа сатып алынғанын айтады.  Жалпы жарақтандыру шамамен 40 млн теңгені құрайды.

–  2022 жылы Қазақстан бойынша  23 мың бала 2500 грамм салмағымен туған, оның ішінде 4 мыңға жуық баланың салмағы 1500 граммнан төмен болған. Мамандар соқырлықтың алтын алу мақсатында ретинопатиямен дүниеге келген балаларды  туа сала 2-3 күннің арасында қарау керек. Оның жеңіл формалары да болады.  Дер кезінде  ем жүргізсе, баланың көзі әрі қарай дұрыс көреді, ауыр түрлеріне  дер кезінде ота жасату керек. Елімізде кезекте тұрған шұғыл ота талап ететін адамдар саны – 300.  Оның ішінде 100-і –  балалар. Бұл жерде білікті мамандардың  істейтініне қуаныштымын, – дейді Ләззат Шыңғысбаева.

Офтальмолог дәрігер Сәуле  Ғабдулғазизова перинаталдық орталықта 2019 жылдан бастап аталған патологияны емдеумен айналысады. 2021 жылдан бастап лазерлік жабдықта өз бетінше жұмыс істей бастаған. Алматы қаласындағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты базасында біліктілігін арттырған. 

– Қордың қолдау көрсетуі нәтижесінде жаңа жабдықтар пайда болды. 2022 жылы «АЯЛА» қоры балаларды тексеретін офтальмоскоп сатып алып берген. Тексеру және анықтау толығымен дәрігерге жүктеледі, бұдан кейін лазерлік қондырғыда хирургиялық емдеу жүргізілетін. «Қазақстан халқына» қоры жаңа лазерлік қондырғыны сыйлағанына өте қуаныштымыз. Онымен жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы болады деп ойлаймын, себебі ескі жабдық 2015 жылдан бастап жөндеуге жатады, – Сәуле  Ғабдулғазизова.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Павлодар облысы бойынша сирек орфандық аурулары бар пациенттер үшін 956 млн теңгеге қажет препараттар сатып алынған.